«Испания патшайымымен кездесуге көйлек тіктім»

Кәсіпкер Дәмегүл Абиханованың оқиғасы

Алматы облысы Көкөзек ауылының тұрғыны Дәмегүл Абиханова — ұлттық киімдер салонын ашқан табысты кәсіпкер. Медицина саласында 12 жылға жуық қызмет етіп, жергілікті аурухананың меңгерушісі лауазымына дейін көтерілген ол сүйікті ісіне толықтай көңіл бөлу үшін өз қызметінен бас тартады. 25 жылын кәсібіне арнаған іскер ханым танымал бірқатар тұлғаға ұлттық киім тіккен. Тіпті Испания патшайымымен кездесуге баратындардың да таңдауы Дәмегүлдің қолынан шыққан көйлекке түскен. Шебер тігінші әрі тәжірибелі кәсіпкер KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат беріп, табысты болуының құпиясын ашты.

Төрт тігін машинасынан басталған кәсіп

Ол алғашында перде, көкпар шабатын аттарға жабу тікті. Әуелі Германиядан бір кісі осындай жабуды 200 долларға тігіп беруін өтінген. Сырты су өткізбейтін брезент мата болса, іші жып-жылы нәресте көрпешесі. Бұл көкпар шауып терлеп келген аттарға жақсы жабу болды. Теңгенің енді айналымға еніп жатқан кезінде 200 доллар айтарлықтай қомақты ақша болды.
Дәмегүл Абиханова
Ұлттық киімдер салонының иесі

«Кейіннен автокөліктерге тысқап, құрақ, ою көрпе, жастық, 90-жылдары сұранысқа сай қазақи киімдер тіге бастадым. Бұл кезде отбасыммен Түркістан облысының Жетісай қаласында тұрдық. 1996 жылы кіші ұлымды өмірге әкеліп, бала күтіміне байланысты демалыста болдым. Жұмысқа шығатын уақыт келгенде отағасы үйде болып, балалардың тәрбиесімен айналысқанымды қалады. Мектеп табалдырығын аттағалы отырған үлкен ұлдардың жағдайын ойлап, өзім де осы шешімге келдім. Жолдасым төрт тігін машинасын сатып алып берді де, қасыма көмекші қыздар алып, өзімнің сүйікті ісіммен айналысуды бастап кеттім. Біз тіккен қазақша киім мен көрпеге елдер қызығып, сұраныс арта бастады. Жетісайдың базарынан «сіздің заттарыңызды сатайық» деген екі ұсыныс түсті. Іздегенге сұраған дегендей, бұл ұсыныс менің көкейіме дөп қонды. Дайын тауарларды базардағылар өздері алып кетеді. Тағы қандай затқа ұсыныс түсіп жатқанын айтады. Отағасы қажет матамен қамтамасыз етіп отырды», – дейді кәсіпкер.

«Несиені төлей алмаған кезім жоқ»

Дәмегүл Алшынбайқызы тігін саласында арнайы білім алған жоқ. Әжесі, нағашы апасы ісмер кісілер болған. Олар Ұлы Отан соғысы кезінде жауынгерлерге фуфайка тігіп, жіберіп отырған көрінеді. Кәсіпкер өзін сол кісілердің жолымен келе жатырмын деп есептейді.

«Әлі есімде, 1977 жылы нағашы атам қайтыс болып, әжем, әкем, анам үшеуі сонда кетті. Мен үйдің үлкені болғандықтан кішілерге бас-көз болып қалдым. Сол кезде үйдегі сандықты ақтарып, сіңліме белдемше тігіп бергенмін. Мен әжем мен анамнан көргенімді істедім. Сол кезден бастап тігін машинасына отырдым десем болады. Іс тіккенде әжем үнемі ақыл-кеңесін айтып отыратын. Кішкентай кезімізден алаша, кілем тоқып, киіз басып өстік. Солардың барлығының оюын мен салып беретінмін. Бала кезде бастаған дүниелерім осы күнге дейін азық болып келеді.
2009 жылы ұлдарымыз оқып, жоғары білім алуы үшін Алматы қаласына көшіп келдік. Бұл жақта
«Сымбат», «Еркенұр» сияқты тігін саласындағы үлкен компаниялар көп қой, «біздің тауарларға сұраныс болар ма екен?» деген оймен қолдағы бар тауарды Жетісайда арзан бағаға сатып кеттік. Осылайша Алматыда кәсіпті қайтадан нөлден бастауға тура келді. Алғашында несиені екінші деңгейлі банктен алғанбыз. Оның пайыздық мөлшерлемесі өте жоғары болды. Тағы да несие алуға жүрексініп жүргем. «Сайран» автобекетінде шағын дүкенім бар еді. Құрбым Гуля Қызайбековадан KMF-тен несие алу тиімді екенін естіп, осы қаржы ұйымымен жұмыс істей бастадық. Алғашында киім қысқартатын, жөндейтін орын аштым.

Кейін материал алып, киім тіге бастадым. Бір киімді тігіп, оны сатып, екі киімнің матасын алдым. Екі киімді тігіп, сатып оған төрт киімнің матасын алдым. Ол кезде несиеге 80-100 мың теңге көлемінде ғана беретін. Несиені үш айға алып, тез-тез жауып тастап отырдым. Ай сайын бір бутиктен ашып, біртіндеп 250 шаршы метр жерде отыратын жағдайға жеттім. Несиені мақсатты түрде алып, оны орнымен жұмсай білсең пайдасын көресің. Менде еш уақытта несиені төлей алмай қалған жағдай болған жоқ. Қазір, міне, өсіп-өркендеп, осы дәрежеге жетіп отырмыз», – дейді ол.

«Клиент келгенде оны көзбен «киіндіріп» тұрамын»

Шебердің медицина саласындағы жұмысын тастап, кәсіпкерлікке бет бұрғанына да 25 жылдай уақыт болып қалды. Осы салаға келгеніне еш өкінген емес. Медицина саласындағылар қазір 300-400 мың теңге көлемінде айлық алса, бұл қаражатты кәсіпкер келіншек бір аптада табатынын айтады. Сүйікті ісімен айналыса отырып бала-шаға, немерелеріне, жолдасына көңіл бөле алады.
«Карантин кезінде де қиындық көрмедім. Себебі киімдерімізді сатып, жалға беріп отырдық. Жалға берілетін киім қайта-қайта қолданылып, табыс түсіріп тұрады. Қазіргі таңда бізде сатылатын, жалға берілетін киім өте көп. Мысалы, бір сыныптағы 15 қыз бен 15 ұлға мерекеге жалға алатын киім керек болса, түстерімен, өлшемімен барлығына тауып бере аламыз. Қандай да бір мекеме қызметкерлері үшін түрлі жиындарға, мерекелерге, тойға бірдей киім қажет болған жағдайда да іздегенін бізден табады. 1-мамыр мерекесіне украин, орыс, үнді, түрік, испан, сыған сияқты түрлі ұлттың киімдерін сұрап келеді, барлығын тауып бере аламыз. Киімдерді жалға беру – кәсібіміздің бір бағыты. Мысалы тіккен бір көйлекті 100 мың теңгеге сатып жіберуің мүмкін, ал жалға беретін болсаң 25-30 мың теңгеден кем емес және ол зат маған қайтып келеді. Сондықтан көйлекті сатқаннан гөрі жалға берумен көбірек айналысамын. Оның үстіне киімді жалға алушылар өте көп. Тұсаукесер, сүндет той, тілашар, қыз ұзату, сырға салу, беташар мен түрлі мерейтойлар. Күтіп ұстасаң жалға беретін киімдер саған ұзақ жылдар бойы табыс әкеледі. Бізде 15-20 жыл болған киімдер жап-жаңа күйінде сақталған. Жалға алынған киім өзімізге келгеннен оны жуып, тазалап, ретке келтіріп қоямыз, тозбайды. Себебі мен мата таңдай білемін.

Матаның көбі Түркия, Оңтүстік Корея, Қытайдан келеді. Мемлекеттік тапсырыс алған кезде матаны Бішкектен аламыз, ол жақта таңдау көп. Ал әшекей бұйымдарын «Алатау» базарынан аламыз. Тұрақты тапсырыс беруші танымал клиенттеріміз бар. Сәкен Майғазиев, Айгүл Иманбаевның мектептерінің киімдерін, Алматыдағы Чайковский атындағы музыкалық колледж, Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының, Аягөз, Семей, Өскемен мәдениет үйлерінің киімдерін тігеміз. Испания патшайымымен екі күндік кездесуге барғандар менің киімімді киіп шықты. Қытай мен Делиде елшілікте істейтін қыздар, Корей еліндегі қазақ диаспорасы, ресейліктер, Қытай салондары бізге тапсырыс береді.

Көмекшім Гүлмира, сіңлім Ұлбосын, қызым Салтанат, кейде тіпті үлгермей жатқанда немерелерім де әшекей бұйымдар, бас киім жасауға көмектеседі. Клиент келіп қалауы бойынша ұсыныс жасаған кезде мен оны көзбен «киіндіріп» тұрамын. Сосын өз идеяларымды қосып, нәтижесінде өте керемет дүние шығады», – дейді шебер.

Сынақтар адамды шыңдайды

Қалада «Әнші балапан» сияқты түрлі байқаулар болғанда бұл компанияға да тапсырыс түседі. Ондай кезде матасын, үлгісін өзі таңдайды. Бес-алты жылдан бері «Арбатта» қазақ киімдері күні өтеді. Сол жерде «Сымбат» сән академиясы, «Еркенұр», Аида Кәуменованың коллекцияларымен бірге Дәмегүл Абиханованың да киімдері көрсетіліп жүр. Таяуда Жолдасбеков атындағы студенттер сарайында Қазақстан қолөнершілері коллекцияларының таныстырылымына қатысты. Қалалық әкімшілік ұйымдастырған жиындардан да қалыс қалмауға тырысады. Түрлі іс-шараларға жиі шақырту алады. Киімдері көздің жауын алатындай өте әдемі. Өйткені бәрі де үлкен махаббатпен жасалған дүние.

«Менің бірінші жетістігім – үйде бала күтімімен отыратын көптеген қыз-келіншекке кәсіппен айналысуды үйреттім. Екіншіден, қалаған уақытымда бала-шағама, немерелеріме, келіндеріме, жолдасыма көңіл бөле аламын. Ешкімге тәуелді емеспін. Қазіргі қыз-келіншектерге «қандай бақытты жансыңдар» дегім келеді. Үйде отырып бір жағынан жұмысын істеп, екінші жағынан бала-шағасына қарауға мүмкіндік бар, отағасы келгенде тамағы дайын, кірі жуулы, балалардың үй жұмысы орындаулы. Қазір үйренем деген кісіге Youtube-та мүмкіндік көп. Біздің кезімізде ондай болған жоқ. Бір затты жасап, бүлдіріп аламыз, оны қайтадан жасаймыз. Сөйтіп жүріп үйрендік. Әр заттың өзінің қайырлысы болады, тек қорықпай іске кірісу керек. Өзім тәуекелшіл адаммын. Мысалы, кешегі карантин кезі адамдарды онлайн бизнеске үйретті. Кеңес одағының тарауы да мені бизнеске әкелді. Сол сияқты әр болып жатқан жағдайды мүмкіндік ретінде қарастыру қажет. Мысалы, мен карантин уақытында видео түсіріп, 5-10 мың теңгеге онлайн сабақтар өткіздім.

Адамдар үйінде отырып үйреніп алды. Алла Тағала сынақ арқылы тағы да бір керемет нәрсеге маған жол ашып тұр деп қабылдау керек. Сол сияқты, қиыншылық болған кезде «мынау не болды, ақшаны қайдан табамын, бәрі жабылды» деген адам отыра береді. Шешімін тапсаң, мүмкіндік көп. Өмірімде табыссыз жылдарым болды деп айта алмаймын. Рас, Алматыға алғаш келген жылдары біраз қиыншылықтар кездесті. Кейіннен ақша алып, барлық қаражатымды кәсібіме құйған кезде жұмысымыз біртіндеп жүріп кетті. Одан кейін Аягөз, Өскеменнен мемлекеттік тапсырыс алдық. Ондай кезде бір-бір жарым ай дамылсыз киім тігесің, бірақ қомақты қаржыны бір-ақ аласың. Сол кездері миллиондап табыс таптық. Пойызға отырамын да, таңертең түсемін, тапсырыс берушілер мені күтіп алады. Адамдардың өлшемін алып, кешке қайтадан пойызға отырып Алматыға кері қайтамын. Таңертең жұмысқа кірісемін. Жалпы, адам сүйікті ісімен айналысқанда шаршамайтынына көзім жетті», – дейді Дәмегүл Алшынбайқызы.

Дәмегүл Алшынбайқызының кәсібін өркендетуіне көмектескен — KMF-тің бизнеске арналған микрокредит өнімі. 50 мыңнан 60 миллион теңгеге дейінгі соманы 7 жылға дейінгі мерзімге алуға болады. Бұл микрокредитті жұмыс істеп тұрған бизнесі бар немесе ауыл шаруашылығымен, фермерлік қызметпен айналысатын қазақстандықтар ала алады.

Өтінімді қарау мерзімі бір күннен басталады. Комиссия жоқ, ал микрокредит алуға өтінімді KMF сайты немесе 7474 байланыс орталығы арқылы беруге болады.

KMF жетістікке жетелеп келеді

Кәсіпкердің ұл-қыздары бүгінде есейді. Әрқайсысы өмірде өз жолдарын тапты. Олардың тәрбиесімен айналысып, бағыт-бағдар бергені болмаса, мамандық таңдауда өз қалауларына араласқан жоқ.

«Аллаға шүкір, үш ұлым да ұнатқан кәсібін бастап кетті. Өзің үлгі болсаң, балаларың да артыңнан ілеседі. Үлкен ұлым монша, азық-түлік дүкенін, ТҚКО салды. Фазенда ашып жатырмыз. Бүгінде Алла берген жеті немерем бар. Сегізіншісін күтіп отырмыз. Қызым Салтанат биыл диплом алды, ізімді жалғастырып жатыр, екі немерем бізден көргенін үйреніп жүр. Шәкірттерім де тігін дүкенін ашып, бизнесін дөңгелетіп жатыр. Бүгінде клиенттерім киімдерді Көкөзек ауылындағы дүкенімнен алып жүр. Бұрын дүкенім қаладағы сауда орталығында болған, ол жер жөндеу жұмыстарына байланысты жабылып қалған соң, көшіп кеттік.

Далада қалған жоқпыз, өзіміз үй-жай салып алдық», – дейді Дәмегүл Алшынбайқызы. – «Осы кәсібімді бастап, дамытуыма, бүгінгі жетістігіме жетуге жетелеп келе жатқан KMF компаниясының ұжымына табыс тілеймін. Басшылары да, қызметкерлері де өте қарапайым, өте сыпайы. Адамдармен қалай тіл табысу керегін жақсы біледі, өте мәдениетті қарым-қатынас жасайды. KMF микроқаржы ұйымының банктерге қарағанда пайыздық үстемақысы да, талап ететін құжаттары да аз. Сол үшін тұтынушыға ыңғайлы. Несие берердің алдында кәсіпкердің бизнесін өздері келіп тексереді. Кәсібінің дамып жатқанын көріп сенім білдіреді. Ешнәрсеге жүгіртіп, әурелемейді. Компанияға тек ақшасын төлеуге барамыз. KMF-тің қолдауы мен сияқты үйде отырған қыз-келіншектерге көп көмегін тигізіп жатыр. KMF-тен несие алып, жұмысын жүргізіп отырған – нан, көкөніс сататын, тігін тігетін қыздарды білемін. Бәрі де дән риза», – дейді тігінші.

KMF - жетістікке жетелеген

25 жыл

Кәсіпкер, бизнесмен ұғымдары осыған дейін елдің орташа статистикалық тұрғыны үшін қолжетімсіз түсініктей көрінетін. Ал бүгінде өз ісін жаңадан бастап, жетістікке жетуге әркімнің де мүмкіндігі бар.
Қазақстандықтар ақшаны өзіне ғана емес, өзі жұмыспен қамтитын адамдар мен ел экономикасына табыс әкелу үшін дұрыс бағытта пайдалануды бұрыннан үйренген.

Осы тұста KMF азғантайдан бастап кәсібін жүргізуге ниетті адамдарға қолжетімді қаржыландыруды ұсыну арқылы көмектесіп келеді. Осылайша, 25 жыл бойы KMF Қазақстан кәсіпкерлеріне қолдау білдіріп, табыстың шыңына жетелеуге әзір екенін дәлелдеп келеді және дәлелдей бермек!
Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің
микроқаржы ұйымының қызметін жүзеге асыруға берген #: 02.21.0003.М лицензиясы
Текст: Жулдыз Кенжегалиева
Фото и видео: Владимир Третьяков
Монтаж: Марк Бисен
Верстка: Ким Маргарита
ЧИТАЙТЕ ТАКЖЕ
© "Нұр интернет порталы" ЖШС 2009-2022
Барлық құқық қорғалған.