Аманжол Оразалинов
«Қазақмыс Корпорациясы» жанындағы «Қарағандыцветмет» ӨҚ басшысының орынбасары Аманжол Оразалинов Нұрсұлтан Назарбаевтың жетістіктерінің құпиясы мен өзінің табысқа жету сырын, тіпті ерекше сүйікті ісімен де бөлісті деп хабарлайды NUR.KZ
Бала кезімнен Нұрсұлтан Назарбаевты үлгі етемін
Менің екі жоғары білімім бар: жол-көлік және тау-кен ісі. Өмірімді өндіріспен байланыстыру туралы шешімді мен саналы түрде, өзім қабылдадым. Себебі бала күнімнен президент болуды армандайтынмын. Уақыт өте келе менің арманым мақсатқа айналды.

Мен үшін арманымның жарқын үлгісі – Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев болды. Елбасы зауытта еңбек етіп, дәл осындай жолды таңдаған. Мен өндірісте жұмыс істеу адамның мінезін шыңдайтынына сенемін. Біздің мекемеде әріптестер ұйымшыл, олардың арасындағы достық берік.

Менің балалығым Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында өтті. Мен қарапайым отбасынанмын, әкем – тракторшы, анам – мейірбике. Ата-анам мені қоғам мен елге пайдам тиетін азамат болып өс деп тәрбиелейтін.

Жұбайым – бизнес-ханым (күледі), ол кондитерлік өнімдерді жасаумен айналысады. Біздің екі ұлымыз бар. Отбасымда мен жалғыз ұл болғандықтан, ата-анаммен бірге тұрамыз. Отбасымызбен тату тұрамыз, бір-бірімізді үнемі қолдап отырамыз.
Аманжол сіздің кәсіби жолыңыз неден басталды?
- Мен дүкенде кеңесші-сатушы болып жұмыс істедім, бірақ ол жұмысымның уақытша екенін білдім. Оқуымды бітіргеннен кейін, кен орнында жол қызметкері болып еңбек еттім. 23 жасымда маған саяжай учаскесін басқару туралы ұсыныс түсті.

Шынымды айтсам, жауапкершілігі мол жұмыс болғандықтан, бастапқыда қатты қорықтым! Сол кезде корпорацияда көптеген жылдар бойы қызмет еткен әріптестерімнің қолдауы маған көп көмектесті. Бұл мен үшін зор ынталандырушы күш болды.

Қазір мен дизель учаскесі басшысының орынбасарымын. Мен ауыстым, себебі биік белестерді бағындырғым келді.
Өзіңіздің мансап жолыңызда қандай қиындықтарға тап болдыңыз?
— Бастапқыда дизельдік учаске мен үшін қиынға соқты. Мен күрделі мәселелерді шешіп, жұмыс орныма пайдалы бола алатынымды дәлелдеуім керек болды. Қазіргі күні менің қызметтік міндеттеріме учаскенің технологиялық құжаттарын жүргізу және жұмысты ұйымдастыру қызметі кіреді. Сондай-ақ қызметкерлердің әлеуметтік мәселелерін бақылаумен айналысамын.

2014 жылы «Қазақмыс» «Үздік жоба идеясы» және «Үздік маман» аталымдары бойынша байқау өткізді. Байқауға қатысқан 4000 қатысушының арасынан біздің команда гран-при ұтып алды. «Қазақмыс» басқарма басшысы Эдуард Огайдың қолынан біз 500 000 теңге көлеміндегі ақшалай премия мен сертификаттар алдық. Осылайша мені корпорацияның кадрлық резервіне қосты.
Сізге тиімді жұмыс істеуге және бәріне үлгеруге не көмектеседі?
- Өндірісте істейтіндердің бәрінде қатаң күн тәртібі бар. Ол түнгі ауысымды саралаумен және алдағы күннің технологиялық процесін жоспарлаумен басталады. Тиімді жұмыс істеуге қатаң тәртіп көмектеседі. Осылайша біз өндіріс көлемінің артуына жол ашамыз.

Егер басшы жалқаулыққа салынса, онда өндіріс көлемі де артта қалады. Сондықтан біз ешқашан босаңсымаймыз. Үнемі өзімізге биік мақсат қойып, ешқашан берілмеуіміз керек. Кез келген басқа салада сияқты адамды өз мақсатына жетуге ұмтылу, ынта-жігер мен қатаң тәртіп қана жетістікке жетелейді.

«Қазақмыс» өкіліне тән сипаттаманың бірі – ұйымшылдық пен командалық рух. Дәл осы себепті біз қашан да өзгелерден озық тұрамыз. Білмеймін, бәлкім мен тым қатал да шығармын, бірақ ұжымда тәртіп болғанын қалаймын. Тек тәртіпке бағынған ұжым ғана жоспарлы көрсеткіштерге қандай да бір қайғылы жағдайлар мен жарақаттарсыз қол жеткізе алады.
Бос уақытыңызда немен айналысатыныңызды айтып берсеңіз?
— Мен қоғамдық бірлестік төрағасымын және қаланың қоғамдық жұмыстарымен айналысамын. Біз қалалықтардың әлеуметтік мәселелерімен жұмыс істейміз және көмекке мұқтаж отбасыларға азық-түлік апарумен айналысамыз. Жалпы белсенді демалысты ұнатамын. Аң және балық аулаудың һас шеберімін. Сондықтан Қарқаралы тауларында өскендіктен тауға және табиғатқа шығуды шығуды ұнатамын.
Сондай-ақ оқыңыз:
© ТОО "Интернет портал Нур", 2009-2020
Барлық құқықтар қорғалған