ЖАНАР-ЖАҒАРМАЙДЫҢ ҚЫМБАТТАУЫ
ИНФЛЯЦИЯҒА ҚАЛАЙ
ӘСЕР ЕТЕДІ
Тұрғындардың дені жанар-жағармай бағасы өссе, азық-түлік, киім, дәрі-дәрмек және өзге де қызметтердің бағасы шарықтайды деген пікірде. Мұндай пікірдің қаншалықты шындыққа жанасатынын отандық сарапшы Ерлан Жаукин анықтауға тырысты деп жазады inbusiness.kz.
Алдымен ресми статистиканың мәліметтеріне көз жүгіртіп көрелік - Ұлттық статистика бюросы ұсынған 2018-2021 жылдардағы Қазақстандағы инфляция индексі мен Argusmedia агенттігі ұсынған жанар-жағармай құю станцияларындағы АИ-92 бензині, әрі дизель отыны бойынша бөлшек сауда бағасының орташа жылдық өзгеруі. Еліміздің мемлекеттік органдары ресми ақпарат көзі ретінде мойындаған Argusmedia агенттігі бұл ақпаратты апта сайын жариялап отырады.
ҚР инфляция индексі
Аи-92 бензин бағасының өзгеруі
Дизель отыны бағасының өзгеруі
Бұл деректерге сенсек, 2018 жылдың өзінде ғана Қазақстанда жанар-жағармай бағасының өсімі инфляция индексінен асып түсті. 2019-2020 жылдары бөлшек сауда нарығында, тіпті жанар-жағармай бағасының төмендеуі байқалды. Ал 2021 жылғы жағдайға қатысты қандай да пікір айту әзірге мүмкін емес. Себебі, тек өткен 7-8 айдың ғана мәліметі қолжетімді болып отыр.
ДЕСЕ ДЕ, АТАП ӨТЕТІН ҚАНДАЙ ЖАЙТТАР БАР?
2018 жыл

дизель бағасы 2017 жылмен салыстырғанда 26,8% өскен. Инфляция индексі аталмыш жылда 5,43%-ды құрап отыр.
2019 жыл

дизель бағасы 8,5% көтерілсе, бензин 5,1%-ға төмендеген. Инфляция индексі – 4,9%.

2020 жыл

дизель бағасы 2,7%-ға төмендеді, бензин 2,1%-ға өсті. Инфляция индексі тұрақты түрде 7,5%-ға дейін өсуде.
Жанар-жағармай бағасы инфляция индексі мен тұтыну бағаларының индексіне әсер ететіні, сөзсіз. Десе де, менің ойымша, бұл өзгерістердің әсері айтарлықтай әсіреленген және мұны тауарлар мен қызметтерге бағаны көтеру немесе алыпсатарлық мақсаттарды жүзеге асыру кезінде пайдалану жағдайлары жиі кездеседі
—Ерлан Жаукин
Жанар-жағармай бағасы жүк тасымалы қызметінің бағасына әсер етеді деген пікірмен келісуге болады.

Бірақ, алдымен ең қарапайым мысалды қарастырып көрелік.

Шымкенттен Нұр-Сұлтанға көкөністер мен жемістерді тасымалдауды мысалға алайық.

Жүктің жалпы салмағы – 20 тонна. Арақашықтық – шамамен 1 500 шақырым. Отын шығыны – 100 шақырымға 40 литр дизель. Қарапайым арифметикаға жүгінсек, Шымкенттен Нұр-Сұлтанға жету үшін 600 литр дизель отыны керек.

2020 жылдың қыркүйегінде жанар-жағармай құю станцияларындағы 1 литр дизель отынының бағасы 185 теңгені құрады. Демек бір жыл бұрын жүк тасымалдаушының жанармайға жұмсайтын шығыны 111 мың теңге болды.

2021 жылдың қыркүйегінде жанар-жағармай құю станцияларындағы 1 литр дизельдің бағасы 203 теңге болды. Отын шығыны 121 мың 800 теңгені құрады. Дизель шығыны 10 мың 800 теңгеге немесе 1 тонна жүкке шығын 540 теңгеге артты. Айта кетсек, 1 келі жүкке тасымалдау шығыны 0,50 теңгеден сәл асады. Тіпті, жүк көлігі Шымкентке бос күйде қайтса да, дизель отыны бағасының өсуіне байланысты тасымалдау шығыны 1 келі жүк үшін 1 теңгеден сәл асады.

Осындай қарапайым әдіс арқылы қалаішілік жүк тасымалдары маршруттарының шығынын есептеуге болады.

Жоғарыда келтірілген мысал жүк тасымалы құнының өзгеруін ғана көрсететіні және өнім өндіру кезіндегі шығынды есепке алмайтыны түсінікті. Бірақ отын құнының өзгеруі бұл сегментте жоғары мәнге ие емес деп айтуға негіз бар.

Жанар-жағармай құны және оның бағасының өсуі тұтынушылық секторға қарағанда өнеркәсіптік секторға айтарлықтай әсер етеді.

Мұнымен не айтқым келеді? Жанар-жағармай құнының өзгеруі бағаның өсуіне және тұтыну бағаларының индексіне әсер ететіні сөзсіз. Бірақ оның әсері біз ойлағандай үлкен емес.
—Ерлан Жаукин
Енді ҚР Ұлттық экономика министрлігі (ҰЭМ) қабылдаған индекстерді есептеу әдістемесіне назар аударайық. Ұлттық статистика бюросының есебіне сәйкес, тұтыну бағаларының индексін есептеу үшін бензиннің салмағы шамамен 0,031%-ды құрайды.

ҚР ҰЭМ жүргізген күрделі есепке сәйкес, АИ-92 бензині құнының 10 теңгеге немесе шамамен 6,5%-ға өзгеруінен инфляция тек 0,35%-ға өседі.
Осыған байланысты Қолданбалы экономиканы зерттеу орталығы маманының пікірін назарға ұсынғым келеді: «Қазақстанда бензин 6,5% қымбаттаған кезде азық-түлік тауарларының бағасы бір жылда 0,71%, азық-түлік емес тауарлар 1,72%, ал ақылы қызметтер 0,46% өседі. Осы орайда, көлік қызметтері мен көліктерді пайдалану шығыны (2,52%), киім мен аяқ-киім (1,16%), тұрмыстағы заттар мен тұрмыстық техника (0,86%), тамақ өнімдері мен алкогольсіз сусындар (0,60%), денсаулық сақтау қызметтері (0,90%) әсіресе қымбаттай түседі. Ал байланыс қызметі, мейрамханалар мен қонақүйлердің бағасына (0,21%) бұл жағдай айтарлықтай әсер етпейді
Бензиннің 6,5% қымбаттауымен бағаның өсуі
0,46%
ақылы қызметтер
0,6%
тамақ өнімдері мен алкогольсіз сусындар
0,71%
азық-түлік тауарлары
0,86%
тұрмыстағы заттар мен тұрмыстық техника
0,9%
денсаулық сақтау қызметтері
1,16%
киім мен аяқ-киім
1,72%
азық-түлік емес тауарлар
2,52%
көлік қызметтері мен көліктерді пайдалану шығыны
Яғни түймедей дүние түйедей көрінуде десе де болады. Жанар-жағармай бағасының өсуі инфляцияға әсер ететіні сөзсіз, бірақ ондай әсердің үлесі айтарлықтай ауқымды емес.
Бағалауларға сүйенсек, бензин бағасының 10%-ға өсуінің тұтыну бағалары индексіне үлесі инфляция индексінің 5,5%-ға жуығын құрайды, ал дизель отыны бағасының 10%-ға көтерілуі инфляция индексінің 1,6%-на тең.
Сол себепті, «дизель отыны бағасының өсуінен кейін барлық заттың бағасы шарықтайды» деген пікір экономикалық тұрғыдан қалыптасып қалғанымен, бұл қарапайым манипуляция болып табылады және одан адамдардың көбірек пайда табуға деген ұмтылысын аңғара аламыз.
Ауыл шаруашылығы саласындағы көптеген сарапшының болжамынша, алдағы жарты жылда нан бағасы 2 есе көтерілуі мүмкін. Ет, сүт және жұмыртқа бағасы да өседі. Оған жанар-жағармай құнының өсуі емес, саланың нарықтық экономикаға көшуі, ішкі және экспорттық нарықтарда бәсекелестіктің артуы себеп болуда.

Мұндай үрдіс ел экономикасының барлық секторында байқалады. Ел экономикасы тек нарық жағдайында дами алады, ал ол дамыған сайын халықтың табысы да өседі. Осы орайда, көп ұзамай жанар-жағармай құнының өсуі ел экономикасына айтарлықтай әсер етеді деген жаңсақ пікірден мұнай саласының арыла алуы қисынды болмақ. Себебі, бағаны тауарлар, жұмыстар мен қызметтердің өзіндік құны ғана емес, әрі осы тауарларға, жұмыстар мен қызметтерге сұраныс та қалыптастыранын есепке алған жөн», - деп түйіндеді сарапшы.
Автор: Ерлан Жаукин
Верстка: Назгуль Адамалиева
© NUR.KZ 2009-2021 2016 жылдың 6 мамырындағы
№ 15988-АА куәлігі Барлық құқықтар қорғалған