— Өзіңіз туралы айта кетсеңіз. Қалай бастадыңыз?
— Мен политехникалық институтты бітірдім. «Қайта құру» кезеңінен кейін нарық құлдыраған соң, мен саудамен айналыстым. Мамандығым – бағдарламашы, бірақ тігін тігумен айналысатын едім. Тігін тігуді жаным сүйетін. Жас кезімде өзіме еш уақытта киім сатып алмаппын, бәрін өзім тігетінмін. Яғни, бұл менің өмір бойы жаныма серік еткен хоббиім. Бұл хоббиім менің өмірлік ісіме айналады деп еш уақытта ойламаппын, бірақ жағдай солай болды.
Жолдасым – әскери адам. Қызметтік борышын өтеу үшін ұдайы бір жерден екінші жерге көшіп жүретінбіз. Сол себепті жұмыста да бір орында тұрақтамадым, тіпті жұмыс істемеген кезім де болды. Жолдасым зейнетке шыққан соң ол маған: үйде отыр, ештеңемен айналыспай-ақ қой, зейнетақым бәріне жетеді деді.
Ол кезде жасым 50-ге толған еді. Бір орында отыра алмайтын мінезім бар болғандықтан, оның ұсынысын орындау мен үшін мүмкін емес еді: осылайша жұмыс іздей бастадым. Мамандығымды, түрлі салада, оның ішінде банк саласында да жұмыс істегенімді ескеріп, жұмыс табу қиынға соға қоймас деп ойладым. Бірақ мені жұмысқа ешкім ала қоймады. Тіпті себебін де айтпайтын. Бірақ бір жұмыс орны: сіздің тәжірибеңізге қарап, жұмысқа қуана алар едік, бірақ жасыңыз келіп қалыпты, деді. Сол кезде отырып алып: қолымнан не келеді деп бас қатырдым. 50 жасқа толғаныма жолдасым 500 000 теңге сыйға тартып, өзіңе ұнайтын сыйлық ал деп айтқан болатын. Дәл осы ақша менің бастапқы капиталым болды.