13 БІРДЕЙ ОҚУШЫСЫ ӘЛЕМНІҢ ҮЗДІК УНИВЕРСИТЕТТЕРІНЕ ТҮСКЕН БІЛІМ ОРДАСЫ
Дүниежүзінде білім беру саласы бойынша халықаралық рейтинг қалай жасалады? Бұл айтулы мектеп түлектерінің әлемнің беделді ЖОО-ға түсуімен байланысты екен.

Жыл сайын шетелдің озық жүздік, елулікке кіретін оқу орындарына түсіп қана қоймай, грантын ұтып алып жатқан Қазақстан оқушылары жетерлік. Сол талантты жастың көбі Білім-инновация лицейінің түлектері. Мәселен, 2015-2016 жылдары АҚШ, Еуропа, Орта Азия, Ресейге 13 шәкірт оқуға түссе, 2018-2019 жылдары оқуға түскендердің саны 27 студентке артқан. Індетке қарамастан, 2020-2021 оқу жылының да берген жемісі жаман емес. Бұл шәкірттер жылына 40-72 мың АҚШ долларын төлеп оқитын іргелі білім ордасында тегін оқуға мүмкіндік алды.

Ендеше, сөз тізгінін Алматы «Білім-инновация» лицейі түлектерінің өзіне берсек.
«Smart Caregiver» жобасын жасадым
АҚШ-тың алдыңғы қатарлы 14 оқу орнына түскен Ерен Шайхыстан
Алматы «Білім-инновация» лицейі әр оқушының құлашын кең сермеуіне мүмкіндік ашты. Ерен Шайхыстан 6-сыныпты бітіріп, сынақ тапсырғанда таңдауы осы лицейге түскеніне дән риза.

«7-сыныптан бастап робототехникамен айналысып, бірқатар Халықаралық, Республикалық байқауда бақ сынап, жүлделі орындарға ие болдым. Сосын өзім «Smart Caregiver» жобасын жасадым. Бұл қондырғы төсек тартып жатқан науқастарға дәрі, су береді. Қажет болса, түнде жарық түсіреді. Былтыр авторлық құқық алдым. Одан бөлек көшеде қоқыс жинайтын көлік ойлап таптым. Оның үстінде бейнекамера болады, бұл қоқысты сұрыптауға көмегін тигізеді. Мұны «Эко робот» деп атадым», – дейді Ерен.

Лицей түлегі ерікті ретінде Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында қатерлі ісікке шалдыққан балаларға робототехникадан сабақ беріп, үміт отын жаққанын мақтанышпен айтады.

Ерен Шайхыстан шетелдің 19 оқу орнына құжат тапсырып, АҚШ-тың алдыңғы қатарлы 14 оқу орнына түсті. Олардың қатарында Penn State University (USA), Lehigh University (USA), Rose-Hulman Institute of Technology (USA), University of Colorado Boulder (USA), Colorado School of Mines (USA), Drexel University (USA), Bucknell University (USA), Clemson University (USA), Arizona State University (USA) сияқты алғашқы отыздыққа кіретін оқу орындары бар. Алайда Ерен инженер маманын дайындау ісінде әлем бойынша жетіліктегі University of California Berkeley-ге (USA) тоқтаған.
Ұшқыш болатынымды 4 жасымда шештім
— Авиа модельдеуден Қазақстанның 7 дүркін чемпионы Нұрберген Айтмұханбетов
Баланың қандай салаға қызығатынын анықтау кейде қиынға соғады. Сол себепті ата-аналар баласын алғашқы кезде түрлі үйірмеге беріп, қабілетін ашуға тырысады. Домбыра тартып, пианинода ойнауға баулиды, спорттың дзюдо, бокс, джиу-джитсу секілді түрімен де шұғылданғанын қалайды. Ал, Нұрберген өзінің кім болатынын 4 жасынан-ақ сезетін.

«4 жасымда анаммен туыстарға алғаш рет ұшақпен қыдырып бардық. Авиация саласына деген махаббатым сол күні-ақ ашылды. Міне, содан кейінгі ойыншығымның бәрі – ұшақ, тікұшақ болды. Анам 4-сыныпта авиомоделдеу клубына апарды. Сосын өзім құрастыруды үйрендім. Әу баста хобби ретінде ұнатсам, лицейге келгеннен кейін негізгі сабағыма айналып, авиа модельдеу бойынша республикалық байқауларға қатыстым. Қазір Қазақстанның 7 дүркін чемпионымын. Ал, 10-сыныпта мектепте авиа модельдеу клубын ашып, төменгі сынып оқушыларына дәріс беріп, тәжірибемді бөлістім», – дейді Нұрберген.

«Білім-инновация» лицейінің президенті» лауазымына көтерілген түлектің бала күнгі арманы – ұшқыш болу. Әлемнің 11-12 оқу орнына құжат тапсырған оған ұшқыштар дайындайтын Saint Louis University (USA) әкімшілігінен 50 пайыз жеңілдік ұсынылды. Бұдан бөлек Temple University (USA), University of British Columbia (Canada), City U (Hong Kong) оқу орындары да едәуір жеңілдік беріп, шақырып отыр.

«Бірақ бәрібір қымбат шықты. Сосын бас тарттым да, New York University in Abu Dhabi (БАӘ) оқу орнына тоқтадым. Бұйырса, тегін оқимын. Менің жоспарым – әуелі инженер-механик мамандығын меңгеріп, сосын Қазақстанға келіп «Air Astana» әуе компаниясының ұшқыштар дайындайтын курсынан өтемін. Сөйтіп, ұшқыш болуға біртабан жақындаймын», – дейді жоспарын бөліскен Н. Айтмұханбетов.
  • Алматы «Білім-инновация» ер балалар лицейі 2020-2021 оқу жылында жалпы білім беретін пәндерден Республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңінде үздік нәтиже көрсетіп, «Ең үздік олимпиадалық мектеп – 2021» атағын жеңіп алды.
  • "Мұғалімдер мен тренерлерге арналған II Халықаралық олимпиадада
    Алматы «Білім–инновация» лицейінің ұстаздары
    «Үздік команда» номинациясы бойынша 3-орын алды"
Оқу ақысы 72, 500 АҚШ долларына бағаланған университетте тегін білім аламын
— Қазақстанда өз кәсібімді ашсам деп армандайтын Мұстафа Амандықұлы
Мұстафа лицей табалдырығын аттаған күннен бері математика және ағылшын пәнінен олимпиадаға қатысатын топ құрамында. Ол лицейдің «Білім министрі» болып, мектеп қабырғасынан-ақ жауапкершілікке үйрене бастады. Одан бөлек пікірсайыс (дебат) жарыстың бел ортасында жүрді. Салауатты өмір салтын ұстануды бір сәтке ұмытпай, мектепшілік футбол құрамасында мықты ойыншы болды.

«Ата-анамның достарының балалары да осы лицейде оқыған. Бәрі де тұлға болып қалыптасып, білікті маман атанды. Бұл лицей маған да адамгершілік, рухани құндылық берді. Жақсы достар кездестірдім, көзқарасым өзгерді, жаңа мүмкіндіктерге есік аштым», – дейді Мұстафа.

Business Administration саласын таңдаған Мұстафа Амандықұлы әлемнің 15 шетелдік оқу орнына құжат тапсырып, 5 үздік оқу орнынан шақырту алған. Олардың қатарында Bentley University (USA), University of South Florida (USA), Miami University (USA), Hong Kong Baptist University (Hong Kong) бар. Ал таңдауы – University of Richmond (USA) оқу орнына түсті. Оқу ақысы жылына 72, 500 АҚШ долларына бағаланған университетте тегін білім алу екінің бірінің маңдайына жазылмаған бақ. Алла сәтін салып, бұл бақ Мұстафаға бұйырған екен.

«АҚШ-тың алғашқы жиырма бестігіне кіретін оқу орнының артықшылығы көп. Кейбір оқу орнында 100-200 студент отырса, мұнда 20-30 адамнан аспайды. Ең ұтымдысы, 4 жыл ішінде Оксфорд, Лондонның мықты оқу орнында бір жыл тегін оқуға мүмкіндік берді. Сонда 3 жыл АҚШ-та, бір жылдың жарты жылын Ұлыбританияда, жарты жылын Германияда білім алсам болады. Болашақта бизнес саласы бойынша тәжірибе жинақтап, Қазақстанда өз кәсібімді ашсам деген арманым бар», – дейді Мұстафа Амандықұлы.
Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек
— Қаржыгер мамандығын таңдаған Ернар Қуанжан
Ернар үшін Алматы «Білім-инновация» лицейі, бірінші кезекте – тәрбиенің, екінші кезекті – талаптың тоғысқан ордасы. Осы екеуі ұштасқанда ғана білімді бойға сіңіре аласың дейді Ернар. Атақты ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деп бекер айтпаса керек-ті. Осы орайда, Ернардың ата-анасы да баласының бірінші кезекте тәрбие беретін мектепте оқығанын қалады.

Ақыры қалауы орындалып, сондай білім ордасынан тәлім-тәрбие алған Ернардың бүгінде ойы ұшқыр, білімі кемел. Қаржыгер мамандығын таңдаған ол ағылшын тілін жетік біліп, кітап оқуды серік еткен. «Таңдауым АҚШ-қа түсті. Мәселен, Oregon State университетіне 10 мың АҚШ долларымен, Saint-Louis оқу орнына 40 пайыз жеңілдікпен, South Florida университетіне 2 мың долларға, Lake Forest университетіне 50 пайыз жеңілдікпен түсіп тұрмын. Осының ішінде Чикаго қаласындағы Lake Forest университеті ұнады. Себебі жеңілдіктен бөлек, медициналық сақтандырудымен бірге тұратын жерімді де төлейтін болды», – дейді Ернар.
Әкем атымды «Әлихан» деп бекер қойған жоқ
— АҚШ-тың ең таңдаулы 4 университетінен шақыру алған Әлихан Бекболатов
Еліміздегі ең таңдаулы – Алматы «Білім-инновация» лицейі және Назарбаев зияткерлік мектебіне түскен Әлиханның алдында таңдау болды. Әкесінің жора-жолдасы осы лицейге бағыт сілтейді.

«Әкем – инженер. Мен де әке жолын қуғым келді. Бірақ менің таңдауым жасанды интеллектке түсті. Жасанды интеллект бойынша бәрін робот жасайды. Меніңше, науқасқа да отаны робот жасаса қателеспейтін сияқты. Бұны ешбір елде бакалаврда оқытпайды екен. Тек магистратурада ғана бар. Сол себепті ақпараттандыру саласында оқитын шығармын», – дейді Әлихан.

Лицейде жаратылыстану пәндері ағылшынша өтеді. Сондықтан шетелдегі оқу орындарына құжат және сынақ тапсыру аса қиын болмағанын айтады. Оған математикадан I'm So, Эйлер атындағы халықаралық олимпиадаға қатысып, қола орынды жеңіп алғаны да септігін тигізген.

Қазірдің өзінде Әлихан АҚШ-тың 4, Гонконтың 3, Финляндияның 2 университетіне түсіп тұр. Атап айтқанда, Ohio Wesleyan университетіне (32 мың АҚШ доллар), Miami University (15 мың АҚШ доллары), Hohg Kong Baptist University, т.б. Тағы бір-екі оқу орнынан жауап күтіп отыр. Қай мемлекетті таңдап, қай оқу орнында оқитыны содан кейін белгілі болмақ.

«Бір өкініштісі, бізде жастардың шыңдалып, жұмысқа орналасып кетуіне мүмкіндік аз. Қаншама талантты жас шетелде оқып, сонда қалып қойып жатыр. Өз басым білім алып, маман атанып елге ораламын. Мұнда менің ата-анам, туыстарым, достарым бар. Әкем атымды «Әлихан» деп бекер қойған жоқ. Алаш арысы Әлихан Бөкейханов секілді елге қызмет етсем», – дейді лицей түлегі.
Елге мықты маман боп ораламын
— Білім беру жүйесі ерекше Финляндияның Arcada UAS университетіне түскен Бақтияр Сиқымбаев
Бақтиярдың арманы – Еуропада білім алу. Оның бұл мақсатқа жететін қадамы айқын. Себебі білім беру жүйесінде оқ бойы озық тұратын Финляндияның беделді оқу орнына түсудің өзі – үлкен жеңіс.

Arcada UAS оқу орнына 60 пайыз жеңілдікпен түскен Бақтияр «халықаралық бизнес» мамандығын таңдады. «Финляндияның бірнеше оқу орнына құжат тапсырдым. Бұл елде 100 пайыз тегін оқу жоқ. Фин тілін үйренсең, тағы да жеңілдік береді. Arcada UAS Хельсинкиде орналасқан. Бұл өз алдына жұмыс табуға мүмкіндік береді деп ойлаймын. Бір кемшілігі, астана болған соң, бәрі қымбат екен. 3 жылда оқуымды тәмамдасам, 5 жыл жұмыс істеп, мықты маман боп ораламын», – дейді ол.
Атақты Нил Армстронг оқыған оқу орнында зымыран құрастырамын
— Математикадан халықаралық Азия олимпиадасының қола жүлдегері Арман Мусалимов
Бала кезде ұшқыш болуды армандамайтындар кемде-кем. Бірақ оның бәрі ұшқыш болып кетпейді. Өкінішке қарай, арманы шындыққа айнала қоймайтындар да баршылық. Десе де таңдауынан таймай, табандылық танытып, арманына жету жолында барын салатын бала мақсатына қол жеткізері анық.

Ғарыш әлеміне ойша саяхаттап, үнемі көк аспан үстінде «қалықтап» жүретін Арманның арманы орындала ма? «Кішкентай кезімнен ұшқыш болғым келетін. Зымыранның түр-түрін құрастырдым. Бірақ денсаулығыма байланысты бұл мақсатқа жете алмайтын сияқтымын. Сонда да мойыған жоқпын. Aerospase Engineering саласы бойынша бағымды сынап көріп, болашақта ұшақ, зымыран құрастырумен айналысамын», – дейді Арман.

Ол АҚШ-тың оншақты оқу орнына құжат тапсырып, атақты Нил Армстронг, Базз Олдрин, Чарльз Конрад, Алан Бин, Алан Шепард сияқты ұшқыштарды дайындаған Purdue University-де тегін білім алуға талаптанып отыр.

Математикадан халықаралық Азия олимпиадасының қола жүлдегері атанған Арман өзін дамытуды бір сәтке тоқтатқан емес. Спортта да жетістігі бір төбе. 3 жыл Айкидомен шұғылданып, Сербияға арнайы турнирге қатысып, жасыл белбеуге ие болды. «Спорт миды тынықтырады, шаршағаныңды басады» деген Арман Мусалимов ерікті ретінде қайырымдылықтың үлгісін көрсетіп келеді.

«Алабай итім бар. Оның өзіне қарау оңай емес. «Қаңғыбас иттерді асырайтын үйдің халі нешік?» деген ой келді. Содан кейін Алматы қаласындағы 400 ит асырайтын үйге барып, көмек бергім келді. Себебі 400 ит қаңғып көшеде жүрсе, өздеріне де, тұрғындарға да зардабы тиеді. Бір апта қолғабыс еттім. Мұнда 2 адам ғана жұмыс істейді екен. Үлгере алмайды. Одан да балалардың зейінін ашу туралы идея туды.
Екеуі де біздің көмегімізге зәру. Бір апта математика мен физика пәнінен базалық сабақ бердім. Қоғамға пайдамды тигізу – өмірлік ұстанымым», – дейді жүрегі мейірімге толы Арман.

Болашақта ұшақ, зымыран құрастырушысы болуды қалайтын Арман АҚШ-та тәжірибе жинақтап, мүмкіндік болса жұмыс істейтінін айтады. «Бізде бұл мамандық бойынша жұмыс табу қиын. Сол жақтан орын табылып жатса, жұмыс істеп, тәжірибе жинаймын», – деп жоспарын бөлісті ол.
Докторантураны оқып бір-ақ келемін
— Математикадан республикалық олимпиадаларда топ жарған Әмір Әділхан
Білім-инновация лицейін екінші отбасы санайтын түлек көп. Соның бірі Әмір Әділхан осында келіп, өмірге деген көзқарасының күрт өзгергенін айтады.

Лицей табалдырығын аттаған сәттен ұстаздары да түрлі олимпиадаға қатысқан Әмірдің болашағынан үлкен үміт күтті. Әмір математикадан республикалық олимпиадаларда топ жарып, білім ордасының мерейін үстем етті. 10-сыныптан ыждаһатты түрде шетелге оқуға түсуге дайындалған оның еңбегі ақыры ақталды. Әмір Финляндия мемлекетінің University of Oulu университетіне түскен.

«Ақпараттық жоспарлау мамандығын таңдадым. Бұл оқу орны Финляндияның солтүстігіндегі шағын қала. Ауасы таза. Мұнда өмір сүру де қымбат емес. Бұйырса, үш жыл бакалавр, екі жыл магистратураны да оқып шығамын. Фин тілін меңгеріп, мүмкін, докторантураға да қалатын шығармын», – дейді Әмір Әділхан.
Лицей мені мейірімділікке тәрбиеледі
— Лицейдің төменгі сынып оқушыларына тегін сабақ беріп, ата-аналарының алғысын алған Ерсайын Болатбек
Білім-инновация лицейінен көп нәрсе үйрендім деген түлектің бірі – Ерсайын. «Осы лицейде білім алғаныма қуанамын. Қазақы тәрбие жағынан бойыма сіңіргенім көп. Мейлінше, мейірімді болып ер жеттім», – дейді ол өзі жайлы.

7-сыныпта қазақ тілінен, 8-9-сыныпта Қазақстан тарихы пәнінен қалалық олимпиадаларда топ жарып, жақсы нәтиже көрсеткен Ерсайын Болатбек математика мен ағылшынға да көп көңіл бөлді. Одан бөлек Алматы марафон шарасында ерікті болып, ұйымдастыру жағына атсалысты. Сыныптас досы екеуі төменгі сынып оқушыларына тегін сабақ беріп, лицей ата-аналарының алғысын алды.

«Жастардың көбі АҚШ-ты таңдайды. Мен де АҚШ пен Гонконктегі беделді оқу орындарына құжат тапсырдым. Бұйырса, Гонконгтегі Бизнес мектебіне түсіп тұрмын. Гонконг – қаржы орталығы. Үлкен компаниялардың штаб-пәтері сонда орналасқан. Сондай-ақ, Назарбаев унивесритетіне де түсіп тұрмын. Менде әлі уақыт бар. Ата-анаммен ақылдасып, бір шешімге келетін шығармын», – дейді Ерсайын Болатбек.
Болашағымды маркетинг саласымен байланыстырғым келеді
— Домбыраны тегін үйрететін Темірлан Нұрқайдар
Білім-инновация лицейінде тәлім-тәрбие алып жатқан кез келген оқушының ой-өрісі мен дүниетанымы кең екеніне әңгімелескен алғашқы минутта-ақ көз жеткізесіз. Олар төрткүл дүниедегі сіз білмейтін жаңалықтан хабардар. Сондай алғыр әрі жан-жақты мектеп түлегі Темірлан Нұрқайдардың алға қойған жоспары нық. Ол лицей табалдырығын аттаған кезде-ақ мақсатының біразына қол жеткізе алған. Ал бүгін білім көкжиегіндегі асыл арманы шындыққа айналып отыр.

Ол өнер сайыстары бойынша халықаралық, республикалық байқауларға солист ретінде қатысып, бас жүлдеге ие болған. Ал 2020 жылдың ақпанында Қазақ тілі мен әдебиетінен өткен Абай қарасөздерінің афоризмін талдау сайысында 3-орынды қанжығасына байлады.

«Өнер саласына да барсам болар еді. Бірақ болашағымды менеджмент және басқару ісі, соның ішінде қаржы, маркетинг мамандығымен байланыстырғым келді. Сондықтан көбінесе ағылшын тілі мен математикаға ден қойдым. «Шекарасыз математика» білім сайысында бақ сынап, үздік нәтиже көрсеттім. Бұдан бөлек The Platfotm парақшасында бизнес кейстерді шешуден 1-орын, IT marketing компаниясынан онлайн тәжірибеден өтіп, 2-орын және қаржылай сыйлықты иелендім. Міне, осыдан кейін маркетингтің не екенін түсініп, алған тәжірибемді әкемнің «Нұр-Теміргаз» компаниясында жүзеге асырдым. Қай үйге газ құбыры тартылған жоқ, кімде бар, бәрін тексеру әкеме қиын болды. Яғни, аккаунт ашып, жарнама жасап едім, тұрғындардың өздері-ақ хабарласа бастады», – дейді лицей түлегі.

Қаңтар айында 11-сынып оқушылары мектеп әкімшілігімен бірлесіп «7-11» деген жоба жасады. Лицейдің «Сапалы білім – саналы тәрбие» деген құндылығын назарға алып, онлайн оқыған төменгі сынып оқушыларына кейбір пән бойынша Zoom платформасында сабақ өткізеді. Темірланның да 7-сыныпта оқитын 2 оқушысы бар. Әрқайсысына аптасына 2 рет сабақ берсе, кей оқушыларға домбыраны онлайн түрде тегін үйретеді. Мұның бәрі оның айналасына тигізген пайдасы ретінде жеке портфолиосына тіркелді.

Темірлан түрлі жобаның басы-қасында жүріп, өзіне де, өзгеге де пайдасын тигізді. Шетелге оқуға түсуді көздеген ол АҚШ елшілігі жанындағы Education USA кеңес беру орталығына мүше болып, кеңестеріне жүгінеді. Тіпті, үш сыныптас бірігіп Colledge hab білім жобасын ашып, орталық берген ақпараттарды Инстаграм парақшада тегін жариялап таратады. Сол мезетте оқырман саны да артып, әлемдік оқу орындарында білім алғысы келетін өздері сияқты жастардың көзін ашып, қызығушылығын арттырады. Осыдан кейін Education USA кеңес беру орталығының өзі әріптестік орнатып, бір-бірінің жазбасын жариялап, ақпараттық қолдау көрсеткен.

Темірлан сол кеңес орталығы көмегінің арқасында әлемдегі маңдайалды оқу орындарына құжат тапсырып, оның бірқатарынан қуанышты хабар алды. Атап айтқанда, ол Miami University-не (USA) және City University (Hong Kong) оқу орнына жылына 30 мың HK долларын төлейтін жеңілдікпен түссе, Lingnan University (Hong Kong) тегін грант ұсыныпты. Оған тегін білім алудан бөлек, тұратын орны, тамағы, басқа да шығындары кіреді. Ал құжат қабылдаған қалған оқу орындары да жауабын біртіндеп жіберіп жатыр.
Әкем сияқты дәрігер болғым келеді
— Әйгілі Бостон университетінде оқуды армандаған Дарын Мақсатұлы
Қытайдың Шыңжан өңірінде дүниеге келген Дарын Мақсатұлының елге көшіп келгеніне 10 жылдың жүзі болды. Әуелгі кезде орыс тілі мен ағылшын тілінен қиналған ол тілдердіYoutube желісі арқылы меңгеріп алғанын айтады.

«Біз Отанға оралғанда 2-сыныпта оқитын едім. Ата-анам дәрігер. Әкем келген соң емхана ашты. Сосын мені №126 лицейге беріп, іле-шала Білім-инновация лицейіне түсу дайындығына кірістім. Мұнда келмей тұрып-ақ ағылшыным жақсы деңгейде болды. Республикалық, облыстық олимпиадаға қатысып, 1 алтын медаль, 2 күміс медаль жеңіп алдым. Бұдан бөлек баскетбол, шахмат ойнағанды жақсы көремін», – дейді Дарын Мақсатұлы.

Жас дарын отбасылық дәстүрді бұзбай, әке жолын жалғастырғысы келеді. АҚШ-тың әйгілі George Washington, University Arizona, State University, Boston University оқу орнына түсті деген сүйінші хабар жетті.

«Жақсы оқысаң, жеңілдік береміз деді. Бұл оқу орындары грантты ТМД елдерінен 5 балаға ғана береді екен. Сондықтан оған ілікпедім, бірақ мұнда ақылы түсудің өзі үлкен жеңіс. Бостон университетінде оқып, білікті дәрігер атансам, не арман?! Әуелі жалпы медицинаны оқытады, сосын жеке дәрігер ретінде дайындайды. Әзірге хириург болам ба, әлде стоматолог па, шешкен жоқпын», – дейді Дарын Мақсатұлы.
Арманым – Tesla компаниясында жұмыс істеу
— Қайырымдылық жасауға жаны құмар Даниал Бақыт
Алматы «Білім-инновация» лицейі Даниалға бұрыннан таныс. Мұнда оның ағасы білім алған. Ағасы арқылы лицейдің өмірінен де хабардар еді. Сол кезден бастап, «Бұл лицейде мен де оқимын» деген сенімде болады.

Сол арманының жетегінде Даниал білім көкжиегін кеңейтеді. Математика пәнінен облыстық олимпиадаға екі рет қатысып, қола жүлдегер атанады. Ол сабақтан тыс уақытта, яғни 2020 жылдың қазан айында онлайн дебат турнирін ұйымдастырушының бірі ретінде волонтерлік жұмыспен де айналысты. Оған қатысуға төленген жарнаны көмек ретінде балалар үйіне бергенінің өзі лицей оқушыларының қайырымдылық жасауға жаны жақын екенін көрсетеді.

Инженер-механик мамандығын таңдаған Даниал да шетелдің бірқатар оқу орнына құжат тапсырып, бағын сынап көрді. «Шетелде білім алудың жақсы жағы көп. Әсіресе, АҚШ-та оқу – кез келген жастың арманы. Негізгі мақсатым – әйгілі Tesla компаниясында жұмыс істеу. Сол себепті АҚШ-тың Drexel University оқу орнына тапсырып, грант иегері атандым. Әзірге қалған оқу орындарынан жауап күтіп отырмын», – дейді Даниал Бақыт.
Болашақта құрылыс немесе логистикалық компания ашамын
— Гонконгтегі атақты City University-дің болашақ студенті Дархан Диханбай
Дархан жан-жақты, әркез қалың ойдың үстінде жүретін алғыр оқушы болды. Оның осы қасиетін кеңейте түсуге Білім-инновация лицейінің ортасы да әсер етті. Алдына мақсат қойған жас өрендердің көзіндегі от пен бойындағы ерік-жігер айналасындағыларды да тартпай қоймайды. «Сондықтан да осы лицейде оқығанымның өзі – үлкен бақыт», – дейді ол.

«Мұнда бос уақыт деген жоқ. Ми үнемі ізденісте жүреді. Жаныңдағы балалар күндіз-түні сабақ оқып жүрсе, сен аяғыңды көтеріп, ерігіп жата алмайсың. Бұл лицей тәртіп пен талапқа үйретті» деген Дарханның білім алған ордасына деген махаббаты ерекше. Ол химия және биология пәнінен «Дарын» олимпиадасына қатысып, күміс медаль жеңіп алды. Кейін мамандық таңдауға байланысты математика мен физиканы тереңдетіп оқи бастады.

Дарханның тағы бір қасиеті – жақсылық жасау. Ол карантин кезінде төменгі сынып оқушыларына математика мен физика пәнінен репетитор ретінде қосымша сабақ өткізді. «Батаменен ел көгерер» демекші, алғыс арқалаған ол инженер-механик мамандығы бойынша әлемнің 3 оқу орнына түсіп, Гонконг қаласындағы City University оқу орнының толық грантына ие болды. Оның арманы – елге келген соң құрылыс немесе логистикалық компания ашу.
© ТОО "Интернет портал Нур", 2009-2021
Все права защищены