«Қаражатты ретті, жүйелі пайдалана алатынымның пайдасы көп тиді. Саудаға қойған ақшамнан бір тиын ұстамадым, сондықтан тапқаным берекелі болды. Тәуекел еткен кездерім де аз болған жоқ. Мысалы, табысымды жинап жүріп жер телімін сатып алдым. Сол жерде қазір үлкен дүкенім жұмыс істеп тұр. Алайда саудамен айналысқан 10 жылымда қолымды бір сілтеп, бұл істі тастап кетуге ниеттенген сәттер де болғанын жасырмаймын. Цемент сатамын деп контейнер жалдағанда, жалға берушілер бағасын көтеріп жібере беретін. Кранмен ғана тасымалданатын үлкен контейнер ғой, заттарымды әрі тасып, бері тасып, тұрмаған жерім болмады. Тағы бір қиындығы – қара жұмыс істеуге құлықты адам табу. Іске жалқау, сөзге тұрақсыз, жауапкершілігі төмен жұмысшылар көп кезікті. Кәсіпте көмекшім, ақылшым болған емес, бүгінге дейін есепшіге, маркетолог мамандарға жүгінбеппін.
Ебін тапсаң, есебін жүргізу оңай екен. Жобаларымды, жоспарларымды өзім ойластырамын. Қазір қоластымда 27-45 жас аралығындағы 15 адам еңбек етіп жүр. Олардың ішінде сатушы, жүк тасушы, аспаз да бар. Әр қызметкердің айлығын уақытылы төлеймін, тамақты тегін беремін. Пайда тауып қалуды көздемеймін, ақшадан гөрі адамдардың жылы лебізі артық», - дейді іскер ханым.