Камилла Ажибаева
OYU және QARA studios жобаларының музыкалық продюсері
  • – "Той музыкасы" деген тұрмыстық ұғым бар - тойларда, мейрамханаларда, жағажайларда орындалатын әндер. Ол қарапайым, ойын-сауықтық, интеллектуалды емес деп саналады. Мұндай музыканың орындаушылары жобаға қатыса ала ма?
    – Бізде ондай талаптар жоқ. Маңыздысы – музыканың жақсы болуы және халықтың көңілінен шығуы.
  • – Музыка жақсы ма, жоқ па, кім анықтайды?
    – Біздің командада 7 адам бар. Егер көпшілігіміз музыканың жақсы екенін айтса, бұл белгілі бір сүзгі болып табылады. Кейде біз бір-бірімізбен таласамыз, ал екі әртістің арасынан таңдау жасай алмасақ, "жақсы, екеуін де шақырамыз", дейміз.
  • – Сіздердің команда – музыканттар ма?
    – Жоқ, арамызда музыканттар жоқ. Бұл музыкамен айналысатын және көп тыңдайтын адамдар: режиссерлер, продюсерлер.
  • – Жас және әлі танымал емес музыкант сіздердің жобаға қалай қатыса алады?
    – Бізге пошта арқылы өтініш жібере алады. Бірақ, меніңше, жас музыканттардың шамамен 80% - ын біз өзіміз табамыз. Күн сайын отырып іздейміз деп айта алмаймыз. Бірақ Тик-токта, инстаграмда біреулер үнемі кездесіп тұрады, сілтемелерді сақтаймыз. Жаңа маусымның түсірілімдері алдында осы архивтерді ашып, орындаушыларды таңдаймыз.
  • – Өңірлерде орындаушылар көп пе?
    – Әр түрлі маусымдарда Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Шымкент және басқа да өңірлерден орындаушылар болды. Бірақ әзірге Алматы мен Астанадан келген музыканттар көп. Біз әрқашан біреуді өңірлерден әкелгіміз келетін, бірақ үнемдеу керек еді, өйткені бүкіл жобаны өзіміз жасадық.

    Енді Kaspi.kz сияқты бас серіктесіміз бар, басқа қалалардан көбірек талантты адамдарды шақыра аламыз. Kaspi бізге барлығына көмектесті, бұл біздің алғашқы бас серіктесіміз. Бұрын біз қаржы жетпей қалады деп уайымдаған кейбір нәрселерді, енді жоғары сапада жасау мүмкін болды. Бізде енді жақсы қолдау бар, менің ойымша, бұл өте тамаша серіктестік.
  • – OYU Live 7 маусымының жаңалығы деп кімді атауға болады? Ең жас және басты орындаушылар кім?
    – Мысалы, Ryso (Арсен Рысбеков, рэп және инди-поп орындаушы – ред. ескерту). Ол жақында ғана бастады, бірақ қазірдің өзінде өте танымал. Бішкектен Руслан Айдар, әнші Manara, Астанадан "tynyq" тобы.
  • – Ал бұл маусымда ең танымал кім?
    – Қазір ең танымал бұл, әрине, Садраддин. Ол небәрі 21 жаста, бірақ оның миллиондаған тыңдаушылары бар. Асха Принц - жақында ғана альбом шығарды, ол бір тәулікке жетпей барлық чарттарға кірді. Аңызға айналған әртістерден – Нұрлан мен Мұрат, Жұбаныш Жексенұлы.
  • – Өзіңіз OYU жобасына қалай келдіңіз?
    – 8 жыл бұрын әлеуметтік желілерде паблигім болды. Ол жерде мен музыкамен бөлісіп, плейлистер жасадым. Айсұлтан екеуміз сыныптаспыз, бала кезден таныспыз. Мен де ол сияқты Америкада тұрдым, Бостонда коммуникациялар және медиа-менеджмент бойынша оқыдым, Нью-Йоркте жұмыс істедім. Ковид кезінде Алматыға көшіп келдім. Айсұлтан командасымен осы жобаның идеясын ойлап тапқанда, маған бірден қоңырау шалып: «сен де бізбен бірге болшы, орындаушыларды таңдау бойынша бізге көмектескеніңді қалаймын» деді, мен келістім.
  • – Егер сізге жоба бойынша барлық еркіндікті берсе, не істер едіңіз?
    – Мен жанды дауыстағы концерттермен өңірлерді аралар едім. Бұл міндетті түрде фестиваль емес, камералық нәрсе болуы мүмкін. 6 адамнан тұратын әртістер командасын шақырып, Астана, Алматы, Шымкент қана емес, елдің барлық қалаларын аралап шықса керемет болар еді.
© ТОО "Internet Portal Nur", 2009-2024
Все права защищены