Ары қарай жүріс жайлы болу үшін стандартты іс-әрекеттерді орындайсыз: жүргізуші орындығын, айналар мен рөлдің баптауларын реттеу. Айта кету керек, Geely Galaxy EX5 MAX орындықтарында жады бар, сол себепті жүргізуші орындығын қайта-қайта баптаудың қажеті жоқ. Десе де, бір қарағанда керісінше көрінеді, себебі есікті ашқан кезде адамның көліктен шығуы жайлы болуы үшін автоның орындықтары автоматты түрде жылжиды.
Бірнеше минуттан соң орындықтар жайлы ғана емес, бүге-шүгесіне дейін ойластырылғанын түсінуге болады. Қыста орындықтарды жылыту, ал жазда, керісінше, салқындату опциясын қосуға болады; желдету, тіпті массаж да қарастырылған. Авто жасаушылар аяққа ыңғайлы болу үшін алдыңғы орындықтарға оттоманка қосып, жолаушының да жағдайын ойлап қойыпты.
Климат-бақылау опциясын да қайта-қайта жөндеп әуре болмайсыз, бір мәрте ыңғайлы температураны қойып қойса, көлік сол температураны ұстап тұрады. Панорамалы люк арқылы көлік ішіне жарық түсіп тұрады, осылайша, тіпті қала ішінде де жабық кеңістікте келе жатқандай әсер болмайды, қажет болған жағдайда пердешені жауып қоюға болады.
Жалпы алғанда, көлік интерьері ұстағанға жағымды сұр түсті экотеріден жасалған. Қолда ұстауға ыңғайлы руль де дәл сол материалдан жасалған. Жағымды атмосфера сыйлайтын жарықты да қосып қойсаңыз болады. Көлікте оның түр-түрі бар, бірақ мен жолда алаңдамас үшін оны қоспауды жөн санадым.