Алаяқтарға алданып, сотталушылар қатарынан табылмау үшін не істеу қажет?
НҰСҚАУЛЫҚ
Қазақстанда алаяқтықпен байланысты қылмыс саны күн санап артып жатыр. Соңғы он жыл ішінде олардың саны 2,5 есеге ұлғайды. Өткен жылы қылмыскерлер келтірген шығын 242,7 млрд теңгені құраған. Оның ішінде 30 млрд теңгеден астам қаржы - бұл жеке тұлғалардың тікелей шығындары болса, қалғаны мемлекет пен заңды тұлғалардың шығындары болып есептелді. Тек осы жылдың 10 айында тергеу органдары «Алаяқтық» бабы бойынша 40,5 мың қылмысты анықтап, олардан келген шығын сомасы 38 млрд теңгені құраған.
242 700 000 000 теңге
2020 жылы қылмыскерлер келтірген шығын
40 500 қылмыс
2021 жылдың 10 айында тергеу органдарымен «Алаяқтық» бабы бойынша анықталған
38 000 000 000 теңге
2021 жылдың 10 айында жеке тұлғалардың тікелей шығындары
НҰСҚАУЛЫҚ
Сол себепті сіздерге қаржылық шығындарға жол бермейтін, сонымен қатар орын алуы мүмкін қылмыстық қудалаудан қорғауға жол ашатын бірнеше маңызды ережелерді назарға ұсынамыз.
Жәбірленушінің құжаттарын пайдалану арқылы телефонмен жасалатын алаяқтық
-1-

Сізге өзіңізге несие рәсімдеу ұсынылады. Мұндайда ешқашан бұл ұсынысты қабылдамаңыз.

Тіпті, бұл туыстар, достар немесе таныстар болса да. Егер несиені сыйақы алу жолымен ұсынса, одан үзілді-кесілді бас тартыңыз. Бұл жағдайда сіз банк немесе микроқаржылық ұйымға қарыз болумен қатар, өзіңіздің несие тарихыңызды бұзып аласыз, сондай-ақ, алаяқтық қылмыстың сыбайласы атанып, сотталушы болып шыға келесіз. Несиелік мекеме өз қаражатын алудың жолын табады да, ал сіз қарызға белшесіне батып, бар абырой-беделіңізден айырыласыз.

-2-

Жоғалған құжаттарды ауыстыру үшін тиісті органдарға уақытылы хабарласыңыз.

Алаяқтар сіздің фотодағы түріңізге ұқсас адамды тауып, оның көмегімен несие рәсімдейтін болады. Өз құжаттарыңызды үшінші тұлғаларға бермеңіз. Сіздің деректеріңізді иемденген қаскөйлер техниканы сату бойынша дүкендерде несие рәсімдейді немесе микро-қаржылық ұйымдарда несиені онлайн түрде рәсімдейді. Олардың бұл алаяқтық әрекетін дәлелдеуге болады, бірақ бұл үшін көп уақыт пен күш-жігер қажет болады.

-3-

Сізге өзін банк қызметкерімін деп таныстырған адам қоңырау шалады. Ол төлем картасы бойынша рұқсат етілмеген операция жайлы сигнал түсті деген сылтаумен, картаның реквизиттерін, сондай-ақ SMS-кодтарды хабарлауды сұрайды. Мұндай жағдайда, телефон алаяқтары барынша жәбірленушінің сеніміне кіріп, оған әңгіменің нақты не жайында екенін білуге уақыт қалдырмай жатады. Болып жатқан әңгімені талдауға уақыт қалдырмай, жеткілікті түрде сенімді әрекет етеді. Алаяқтар әдетте телефон нөмірлерін ашық көздерден - әлеуметтік желілерден, хабарландырулардан алады.

Мұндай жағдайларда мынаны білу маңызды
  • Ешбір жағдайда ешкімге және ешқашан SMS-хабарлама арқылы келген кодты айтпаңыз, ол тек төлемдер мен аударымдарды жүзеге асыру үшін қажет.
  • Банк сізге ешқашан бірінші болып қоңырау шалмайды.
  • Телефон нөміріңізді жалпыға қолжетімді сайтқа немесе әлеуметтік желілерге жарияламас бұрын жақсылап ойланып алыңыз.
  • Қоңырау шалған телефон нөмірі банк нөмірімен сәйкес келуі мүмкін, бұл шетелден IP телефония арқылы шалынған, жасырын қоңырау болуы мүмкін.
  • Әңгімелесушінің сөйлеу мәнеріне назар аударыңыз, алаяқтар көбінесе Шығыс Еуропа аумағында жұмыс істейді.
  • Қоңырау шалған адамнан күмәнданып, сезіктене бастасаңыз, дереу әңгімені үзіп, қоңырау түсті деп болжанған банкке, өзінің ресми сайтында көрсетілген телефон бойынша өзіңіз қоңырау шалыңыз.
-4-

Қоңырау шалушы өзін полиция қызметкері немесе басқа да күштік құрылым өкілімін деп таныстырып, сіздің дербес деректеріңізді, соның ішінде банк реквизиттерін сұрап хабарласуы мүмкін. Олар тіпті әртүрлі санкциялар мен қылмыстық іспен, мысалы, «тергеу құпиясын ашқаны үшін» деп қорқытуы мүмкін. Тұтқаны қойып, банкке қоңырау шалып және оларға сізге қарсы алаяқтық әрекеттер жасалғаны туралы хабарлаңыз.

-5-

Сондай-ақ, алаяқтар банк роботы (арнайы бағдарламаларды қолдану арқылы) қоңырау шала алады. Банк роботтары ешқашан бірінші болып қоңырау шалмайды және құпия ақпаратты сұрамайды. Әңгімені дереу тоқтатыңыз және банкке осындай қоңырау түскені туралы хабарлаңыз.

-6-

Сіздің пәтер, көлік, жиһаз және басқа да мүлікті сату туралы хабарландыруыңыз бойынша алаяқтар қоңырау шалып, карточкаға алдын ала төлем жасауға дайын екенін хабарлап, ол үшін карта реквизиттерін жіберуіңізді сұрауы мүмкін. Одан кейін, аударымды растау үшін, алаяқ сатушының ұялы телефонына түскен SMS-хабарлама арқылы келген кодты сұрайды. Сондай-ақ, алаяқ белгілі бір тауарды сату туралы тиімді қосымша орналастыратын жағдайлар да болып жатады. Сосын ол сіздің қоңырауыңыздан кейін, оған тапсырыс беру үшін алдын ала төлем қажет екенін хабарлайды. Ақшаны алғаннан кейін алаяқ ұшты-күйлі жоғалады. Ешқашан әлеуетті сатып алушыға төлем картасының барлық реквизиттерін хабарламаңыз, аударым үшін 16 таңбалы нөмір жеткілікті екенін естен шығармаңыз. Егер сізге керемет ұсыныс айтып жатса, онда абай болыңыз – бұл алаяқтардың айла-амалы болуы әбден мүмкін.

Картаның артқы жағындағы 3 таңбалы кодты ешкімге айтпаңыз. PIN-кодты картаның жанында сақтамаңыз. Егер сіз картаны жоғалтсаңыз, оны тез арада бұғаттаңыз.
Интернет-алаяқтық
Фишинг – бұл пайдаланушының тиянақсыздығын пайдаланып, деректерді тікелей ұрлауға бағытталған интернет-алаяқтықтың бір түрі. Бұл қалай болуы мүмкін.
-1-

Қаскөйлер интернет-дүкеннің немесе интернет-банкингтің клонын пайдаланады. Бұл асқан дәлдікпен жасалған сайттың көшірмесі болуы мүмкін, бірақ оның мекен-жай жолында аздаған ерекшелік – қосымша әріптер болады. Сондай-ақ сайтта қауіпсіздік сертификаты болмайды, оны https-тен басталатын сілтеме растайтын болады. Әрқашан мекен-жай жолын тексеріңіз, ал егер күмәндансаңыз бұл сайттарда ешқандай операция жасамаңыз. Төлем беті «https»-тен басталуы керек, бұл ресурстың қорғалған байланысы бар дегенді білдіреді.

-2-

Қылмыскерлер әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жалған аккаунттар ашады. Мұнда да сайт клонын құруға ұқсас схема жүреді. Клиент қандай да бір мәселені шешу үшін, әлеуметтік желілерде банктің қолдау қызметін іздейді және карта реквизиттерін біліп алатын алаяқтардың құрбаны болып жатады. Банкпен немесе басқа несие ұйымдарымен тек қаржы мекемесінің сайтында көрсетілген ресми арналар арқылы ғана байланысқа шығыңыз.

-3-

Хаттарды электронды тарату жолы. Электрондық поштаға банктен өтініш хат келеді. Мысалы, төлем картасының реквизиттерін растау. Бейтаныс хат жолдаушылардың электрондық пошта қосымшаларын ашпаңыз. Ешбір жағдайда осындай хаттардың сілтемелеріне өтпеңіз және жауап ретінде өзіңіздің дербес деректеріңіз бен өз шоттарыңыздың деректерін жібермеңіз.

-4-

Әлеуметтік желілерде банктің атынан жалған сауалнамалар жүргізіліп, олар жауаптар үшін үлкен сыйақы беретінін хабарлайды. Картаға төлем алу үшін, олар оның реквизиттерін сұрай бастайды. Ұтыс ойыны болған жағдайда, жәбірленушіге оның жеңгені туралы хабарланады, ал жүлдені төлеу үшін картаның реквизиттерін жіберуді өтінеді. Картаңыздың реквизиттерін ұтыс ұйымдастырушыларына хабарламаңыз. Банктің желідегі парақшасы әлеуметтік желі әкімшілігі тарапынан берілетін, тиісті белгішемен белгіленгеніне көз жеткізіңіз.

Кардинг – бұл алаяқтықтың бір түрі, мұндайда қаскүнемдер сіздің құпия деректеріңізді алдау жолымен біліп алып, сізге еш ескертпестен шоттарыңыздан ақша ала алады.
Алаяқтардың карта деректеріне қол жеткізу үшін пайдаланатын тәсілдерінің бірі – интернет-дүкеннің, төлем және есеп айырысу жүйелерінің серверлерін бұзу. Қашықтан қатынау бағдарламалары мен түрлі зиянды БҚ (бағдарламалық қамтамасыз ету) көмегімен хакерлер сіз туралы маңызды дербес ақпаратты және сіздің төлем картаңыздың деректерін біле алады.
Кардинг құрбаны болмау үшін не істеу керек?
  • Сенімді ресми көздерден алынған антивирустық бағдарламаларды қолданыңыз. Вирустық бағдарламалық жасақтама арқылы банктік картаңыздың нөмірін ұрлау үшін, алаяқтар түрлі жолдарды пайдаланады: фишингтік сілтемелерді электрондық поштаға жолдайды, SMS-хабарламаларды жібереді.
  • Әуежайлар, қонақүйлер мен мейрамханалар сияқты жерлерде Wi-Fi желілері қауіпсіздіктің жеткілікті деңгейін қамтамасыз ете алмайды. Оларды пайдаланбауға тырысыңыз.
  • Құрылғының бағдарламалық жасақтамасын уақтылы жаңартыңыз. Жаңартулар оны бұзылудан қорғайтын болады.
  • Құпия сөздерді жиі өзгертіңіз, әртүрлі символдар мен сандары бар күрделі құпия сөздерді қолданыңыз. Әр түрлі сайттар мен қосымшалар үшін бір құпия сөзді пайдаланбаңыз. Бұзылуды неғұрлым тез білсеңіз, жедел әрекет ету және алаяқтық шабуылдарға тойтарыс беру мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады.
  • Күдікті сілтемелерге өтпеңіз және тіркелген файлдарды белгісіз көздерден жүктемеңіз. Вирус ZIP форматындағы мұрағатта болуы мүмкін.
  • 6. Барлық операцияларды бақылау үшін, мобильді банктік қосымшалар үшін SMS немесе PUSH хабарландыруларын орнатыңыз.
*материалды дайындау барысында қазақстандық ЕДБ ресми сайттарының деректері, fingramota.kz, qamqor.gov.kz пайдаланылды.
© ТОО "Интернет портал Нур", 2009-2021
Все права защищены